Бірден айту керек, ғылым мен білімнің озық үлгілерін бойына жинақтаған аталған оқулықтар егемен еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекетімен терезе теңестіру жолындағы көкейкесті мәселенің түйінін шешуге, атап айтқанда, рухани жаңғырудың түпқазығы болып табылатын гуманитарлық білім мен ғылым жүйесін түбегейлі реформалауға, сондай-ақ күллі қоғамды биік нысаналы мақсатқа жұмылдырып, белсенді дамытуға таптырмайтын баспалдақ әрі мәңгі мызғымайтын іргетас болып қаланары сөзсіз.
Сүзгіден өтіп іріктеліп, шетелдік түпнұсқалардан ана тілімізге тікелей аударылған жаңа оқулықтардың алғашқы легінің қай-қайсысы болса да зиялы қауым өкілдерінің талқысынан сүрінбей өтетініне сенім мол, өйткені бұл оқулықтар көп жыл бойы адамзат өркениетінің көш басында келе жатқан экономикасы қуатты елдердің сенімінен шығып, олардың білім-ғылым және әлеуметтік жүйелерін үзбей кемелдендіріп келеді. Міне, сондықтан да өте мұқият аударылған тырнақалды туындылардың егемен мемлекетіміздің стратегиялық нысаналарына тезірек қол жеткізуіне динамикалық серпін беретіні де еш күмән келтірмейді.
Сонымен жуырда ғана жарыққа шыққан әрі осы заманның сұранысына сай оқулықтардың тырнақалды легі республикамыздың білім ордаларына жол тартпақшы. Бұл бүгінгі еліміздің күллі әлеуетін өрге көтеретін болашақ ұрпақтың алғашқы легінің жаһанданған заманға лайық білім ала бастауына кең жол ашпақ.
Еліміздің білім-ғылым ордалары мен кітапханалар жүйесіне таратылатын әрі электронды нұсқалары интернетке қойылатын экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, әлеуметтану теориясы мен негіздері, антика дәуірі мен орта ғасыр философиясы және философияның қысқаша тарихы, психология, лингвистика, антропология, дінтану, медиа этикасы секілді гуманитарлық сала бойынша әлемнің 42 елі мен 34 тілінде жалпы таралымы 47 миллион данамен жарық көрген таңдаулы туындылар, енді міне, отыз бесінші тілге, яғни қазақ тіліне де тікелей аударылып отыр.
Тырнақалды 18 оқулық туралы ой бөлісер болсақ, біріншіден, олардың өте сапалы әрі оқырман қауымының назары мен жанарын бірден жаулап алатын, іші де, сырты да көркем полиграфиялық дизайнмен көмкерілген, тартымды әрі ішкі мазмұны өте бай, нағыз заманауи туындылар екенін атап айту парыз. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, аталған оқулықтардың қазақша нұсқасында аударма жанрына қойылатын талаптардың барлығы дерлік сақталған. Мәселен, атақты Оксфорд баспасынан жарық көрген және ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылған әлемге танымал ғалым Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы» атты туындысының Антика дәуірі философиясына арналған бірінші және «Орта Ғасыр Тарихы» атты екінші томының қазақша нұсқасы болсын, Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін» деп аталатын монографиясы немесе Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» секілді құнды туындылары, сондай-ақ қазақ тіліне өте сапалы тәржімеленген күллі әлемге аты танымал ғалым Рикки Гриффиннің «Менеджмент»атты көлемді туындылардың да тілі жатық әрі өте сындарлы аударылған.
Дональд Ф.Куратконың «Кәсіпкерлік. Теория. Процесс, Практика» атты туындысының 10 дүркін жарық көрген әрі әлемге кеңінен таралған оқулығының да, сол сияқты Грегори Н.Мэнкью және Марк П.Тейлордың авторлығымен жарық көрген «Экономикс» атты әйгілі туындысының төртінші халықаралық басылымның қазақша нұсқасы да, сондай-ақ әлемге әйгілі ғалымдар Джордж Рицер мен Джеффри Степаницкидің қаламдарынан шыққан «Әлеуметтану теориясы» атты іргелі туындының 10-басылымынан тікелей аударылған көлемді оқулықтың да, Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс және Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері» атты көлемді туындысының 9-басылымынан қазақ тіліне қотарылған нұсқалардың да сапалы әрі салиқалы екенін айту парыз.
Дәл осындай пікірді халықаралық деңгейде танылған айтулы ғалым Эллист Аронсонның қаламынан туған және 11 басылым көрген «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» атты оқулық туралы да, әлемге әйгілі психологтар Дуайн Шульц пен Сидни Эллен Шульц жарыққа шығарған «Қазіргі Психология Тарихы» атты заманауи оқулық пен Дэвид Г. Мейерс және Жан М.Туенж шығарған «Әлеуметтік Психология», сол сияқты ғылымның антропология саласы бойынша әлемде танымал оқулыққа айналған Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы», сол сияқты айтулы лингвистер Виктория Фромкин, Роберт Родман және Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе» атты әлем елдерінде 10 дүркін басылып шыққан туындысының, сонымен қатар Ресейдің танымал ғалымы Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты сәтті шыққан оқулықтың, сондай-ақ Карен Армстронг секілді әйгілі теолог-ғалымның қаламынан жарық көрген «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты монографиялық оқулықтың да, Ли Энн Пек пен Гай С.Рил сынды ғалымдардың бірігіп жазған «Медиа Этика.
Жас мамандардың тәжірибесінен» атты еңбегінің екінші басылымынан аударылған нұсқалардың барлығы дерлік кәсби биік деңгейде тәржімаланған. Қысқа қайырып қорыта айтқанда, аталған оқулықтардың қай-қайсысы болса да Елбасының ұзақ мерзімді стратегиялық нысаналарына еліміздің қолын жеткізетін практикалық тетік, сонымен бірге аталған туындылар кез келген елдің маңдайына жазылмаған бірегей құндылық.
Әрине даяр іске сыншы көп болатыны да, сосын мұндай мегажобаны іске асыруда ұсақ-түйек кемшіліктердің орын алатыны да заңды құбылыс. Бірақ аталған жобаның кемелдігі мен көкейкестілігін ондай кінәраттар кеміте алмайды. Содан соң, көш жүре түзеледі демекші, ол кемшіліктер келесі басылымға дейін сылынып кететіні күмән тудырмаса керек.
Осы орайда, жоғарыда тіркелген туындылардың түпнұсқаларымен де, қазақша нұсқаларымен де жете танысу барысында күллі әлемге аты мәшһүр Халықаралық Давос форумының көшбасшысы, профессор Клаус Шваптың «Төртінші индустриялық революция» («The fourth Industrial Revolution») атты монографиясының қазақша нұсқасында көзге бірден іліккен кейбір олқылықтарға тоқталсақ артық болмас. Сөзіміз дәлелді болу үшін алысқа бармай-ақ, айтулы автордың қазақ тілінде жарық көрген нұсқасындағы Кіріспе мәтінінің бір ширегі мен түпнұсқадағы дәл сол мәтіннің аналогын салыстырған кезде, аудармашы тарапынан кеткен ағаттық бірден байқалды. Оның үстіне, бөлшекке тән олқылық бүтінге де тән екенін естен шығармаған жөн. Бұл – дау туғызбайтын шындық. Оған көз жеткізу үшін аталған туындының қазақша нұсқасындағы Кіріспенің бірінші бетін ашып қойып, біздер ұсынып отырған төмендегі мәтінмен салыстырып қарасаңыз әбден жеткілікті:
«Бүгінгі таңда біздермен бетпе-бет келіп отырған сан-алуан әрі заманауи сынақтардың ішіндегі ең пәрмендісі де, ең маңыздысы да күллі адамзатты жойқын бетбұрысқа жетелейтін жаңа технологиялық революцияны іске асыру және оны меңгеру болып табылады. Сонымен қатар біздер бүгін өзіміздің өмір сүру салтымыз бен жұмыс істеу үрдісімізді де, бір-бірімізбен арадағы қарым-қатынасымызды да түбегейлі өзгерте бастаған революцияның бастапқы кезеңінде тұрмыз. Меніңше, ауқымдылығы мен көлемділігі және күрделілігі жағынан, тілге тиек болып отырған төртінші индустриялық революция адамзат тәжірибесінің тарихында бұрын-соңды болып көрмеген құбылыс.
Біз әлі де болса бұл жаңа революцияның екпінді арыны мен кең құлашты сипатын терең түйсіне тусуіміз керек. Мысалы, ұялы байланыс құралдарының миллиардтаған адамды өзара байланыстыра алатын мүмкіндігінің шексіздігі мен деректерді өңдеу және сақтау, сондай-ақ білімге қолжетімді ететін қуатының адам айтқысыз жылдамдықпен өсіп кетуін немесе жасанды интеллект (ЖИ), роботтану, бұйымдардың интернеті (БИ), өз бетімен жүретін көліктер, 3D (үш өлшемдік) принтер, нанотехнология, биотехнология, материалдар өндіру ғылымы, энергия сақтау және кванттық компьютерлер секілді жасампаз технологиялардың бір-бірімен керемет жымдасып кетуін алып қараңыз. Бұл инновациялық технологялардың көпшілігінің құлағы енді ғана қылтия бастағанына қарамастан, қазірдің өзінде-ақ олар қайнау нүктесіне жетіп, бір-бірімен үйлесім тауып, физикалық, сондай-ақ цифрлы және биологиялық әлемге белсене еніп кетті. Сонымен қатар бүгінде біздер өндірістің күллі саласында туындаған терең өзгерістер мен заманауи бизнес үлгілерінің пайда болуымен байланысты өндіріс жүйесіндегі қызметкерлерді алмастыруға тура келіп жатқанын да, өнімдерді түрлендіру мен тұтынудың да, сол сияқты тасымалдау мен тарату жүйелерін қайта құрылымдау үдерісінің де куәсі болып отырмыз. Қоғамдық фронтта да жұмыс істеу тәртібі мен адамдардың арасындағы қарым-қатынас және коммуникация, сондай-ақ демалу парадигмасы да түбегейлі өзгеріп жатыр. Сол сияқты үкімет пен мемлекеттік институттар, білім беру, денсаулық сақтау және транспорт жүйелері де қайта жасақталуда...».
Мұнымен айтпағымыз – мынау. Кіріспені ғана емес, күллі кітапты оқып отырған оқырман оның аударма екенін байқамай қалуы керек. Сондықтан да аудармашылар назарынан мына бір басты талаптардың тыс қалмағаны жөн:
– аударма мәтіні түпнұсқадан кем болмауы міндет;
– түпнұсқадағы әрбір сөздің мағынасы аудармада да дәлме-дәл берілуі тиіс;
– аудармада мағынасы бұлыңғыр немесе түпнұсқадан қиыс кеткен сөз немесе сөз тіркестері болмауы шарт;
– аударма мәтіні кез келген оқырманының қалауынан шығатын әуезді де айқын стильді сақтауы тиіс.
Бірер мысал:
1.Клаус Швабтың қазақша жарық көрген нұсқасының бірінші бетінің соңғы абзацындағы «дизруптивті әсер1» деген сөз тіркесінің мағынасы оқырманға мүлде бұлыңғыр, өйткені әлгі тіркес калькамен беріле салған. Оның үстіне сол тіркеске берілген1 сілтеме де бұл сөз тіркесінің мағынасын толық ашып тұрған жоқ.
2. Кез келген кітаптың кіріспесі – сол туындының ішкі мазмұнын ашатын айнасы, сондықтан мұндағы әрбір сөзге аудармашының өте мұқият болғаны абзал. Оқырманның кітапқа деген қызығушылығының зор немесе солғын болуы кіріспенің тартымдылығымен тікелей байланысты болатынын ескерген абзал.
Әділ АХМЕТОВ,
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері